Жаңалықтар
ТИІМДІ ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТ ЕҢБЕК ДАУЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

Бұл туралы Ақтөбеде өткен «Компаниялардың әлеуметтік саясаты: тәжірибесі мен даму перспективалары» семинар-кеңесінде қарастырылды.

Семинарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы сараптама мекемесінің өкілдері ретінде шақыртқан Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығының сарапшылары қатысты.

Орталық өкілдері өзге қатысушылармен «Самұрық-Қазына» қорындағы еңбек қатынастарын реттеу, әлеуметтік-еңбек дауларын анықтау мен алдын алу мәселелеріне қатысты үздік тәжірибелермен бөлісті. Бұл тарапта Әлеуметтік тұрақтылық индексі, әлеуметтік бейімдеу шаралары, Кәсіподақ көшбасшылығы мектебі сынды нақты тетіктердің қалыптасқаны атап өтерлік жайт.

Мәселен, Әлеуметтік тұрақтылық индексі өндірістік компаниялардағы еңбек жағдайлары, коммуникациялық қарым-қатынас, кәсіподақ жұмысы, кадрлық және әлеуметтік саясат бағыттарының шынайы жағдайын көрсетеді. 2013 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеу 270-ден астам компаниядағы 40 мыңға жуық еңбеккерді қамтуда.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова басқосуды қорытындылай келе, оған қатысушыларға сындарлы сұхбат үшін алғыс айтты.

«Бүгінгідей алқақотан ақылдасу арқылы көп түйткілді тарқатуға болады. Заңнамалық деңгейде біраз жұмыстар атқарылып жатқанмен, нақты нәтиже кәсіподақтар мен компаниялардың басшыларына байланысты. Сондықтан күнделікті ұжымдағы ахуалды зерделеп, жұмысшылардың көңіл-күйін бақылап отырудың маңызы зор», — деген министр елде Әлеуметтік тұрақтылық индексі сынды сәтті зерттеулердің барын нұсқады.

Орталықпен байланыс
Үйлестірушімен байланыс