Жаңалықтар
КӘСІПОДАҚҚА СОҢҒЫ РЕТ ҚАШАН БАРДЫҢЫЗ?

ҚР Кәсіподақтар федерациясында өткен конференцияда баяндама жасаған Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының бас директоры Ербол Исмаилов та осы мәселені нұсқап көрсетіп, бүгінгі таңда қарапайым еңбек адамдары тарапынан әлі де болса кәсіподаққа сенім төмендеу екеніне назар аударды. 

Мысалға, 300 мыңға жуық өндірістік алып ұжымы бар «Самұрық-Қазына» қорында қызметкерлер кәсіподақ жұмысына жалпы қанағаттанарлық көзқарасын білдіргенімен, оның көмегіне жүгінуге дайын азаматтардың қатары аз болған. 

Сарапшының айтуынша, Орталықтың маңдайалды үздік өнімі саналатын Әлеуметтік тұрақтылық индексінің былтырғы зерттеу қорытындысында жұмысшылардың басым көпшілігі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшесі екенін растаған. 

«Атап өтерлік жайт, зерттеу барысында байқағанымыздай, кәсіподақ қоғамға ашық болып, коммуникациялық байланысының тиімділігі артқан сайын кәсіпорындар еңбеккерлерінің де ортақ іске көңілі толып отырған. 2016 жылғы 30%-дық деңгейге қарағанда, басында пайда болған түйткілді тарқатуда кәсіподаққа барғандардың саны 2017 жылы 41 пайызды құрады. Олардың 88%-ының мәселесі шешімін тапқан. Дегенмен, негізінен өндірістегі еңбеккерлердің басым бөлігі басшылыққа немесе құқық қорғау органдарына жүгінуге, тіпті «жабулы қазанды сол күйі қалдыруға» бейім», — деді ол. 

Жағдайды терең байыптаудың нәтижесінде жұмысшылардың кәсіподақтан арыз-шағымды сөзбұйдаға салып жібереді деп қашқақтайтыны, ал жұмыс берушінің бұл екі арадағы дәнекерлеуші жақты дау тудырушы деп есептейтіні аңғарылған. Бірқатар компаниялардың кәсіби одақты жай ғана әкімшіліктің шипажайларға жолдама таратушы көмекшісі деп танитыны анықталған. Сондықтан кәсіподақтың болашақ әрекет ету жоспарында талмай ұмтыларлық өсім белестері, жетілдіріп, түзететін кілтипанды тұстар тосып тұр. Бұл ретте Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығы ҚР Кәсіподақтар федерациясына Кәсіподақ көшбасшылығы мектебін дамыта түсуге шақырады. 

Орталықпен байланыс
Үйлестірушімен байланыс