Жаңалықтар
ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН

Доғдыр Бекешовтің өскен ортасын әріптестері «Мұнайшылар әулеті» деп мақтан тұтады. Айтса айтқандай, әкесі Бекеш Сағызбай «КРЭС» мекемесінде өмірінің соңына дейін еңбек етті. Қанды қырғын майданнан аман оралған Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Ғасыр айналар ғұмырда мұнайлы мекеннен өз ризық-несібесін терген Бекешовтар отбасының Доғдырдан өзгелері бүгінде құрметті еңбек демалысына шыққан. Ал жолдасы Ұлболсын Ығылманова мұнайшылар асханасының меңгерушісі, інісі Бекеш Серікбай мұнайшылардың тамағын дайындайтын аспаз болып қызмет етеді.

Кейіпкеріміздің өзі Жетібайда туып-өсіп, қалалық кәсіптік техникалық училищесін токарь мамандығы бойынша бітірген. 33 жыл бойы осы саланың ыстық-суығынан бірдей өтіп келеді. «Ерінбегеннің еңбегі еш кетпейтінін» үнемі айтып отырады, өмірлік қағидасы десе де болады. Еңбегі елеусіз емес, бірнеше мәрте Компанияның Құрмет грамотасымен және Алғысхатымен марапатталды.

– Менің жұмысымда зейінге көп мән беріледі. Өйткені металды жонып жатқан кезде 1 мм кеткен қателік үлкен механизмнің тоқтауына әкелуі мүмкін. Ең алғаш осы цехқа келгенімде өте тәжірибелі мамандардың қасында жүрдім. Маған бөлшектерді қалай шығаратыны қызық болды. Олар маған металл жону шеберлігіне үйретті. Менің қондырғым «16Р-25П-1,5 токарлық станок» деп аталады. Бұл – дәлдігі жетілдірілген қондырғы. Ол жоғары жылдамдықта жұмыс істейді әрі өңдеуге арналған. Біз мұнай өндіретін бұрғылардың құралдарын жасаймыз. Бір металл бірнеше кезеңнен өтеді. Жылыту, тесу, қырнау, тегістеу сынды сатылар кіреді. Өндірісте бірнеше металды пайдаланамыз. Мәселен болат, шойын металдар. Олар мұнай және газ өндірісінде кеңінен пайдаланылады, — дейді механикалық цехтың 3-дәрежелі токарі өз ісі жайлы асқан қызығушылықпен беріле әңгімелеп.

Доғдыр Бекешов пен жары Ұлболсын отбасында 4 бала тәрбиелеп отырған берекелі шаңырақ. Сондай-ақ, атадан мирас кәсіпті жалғастырған, адал еңбектің ұшпаққа шығаратынын дәлелдеген жандар!

Орталықпен байланыс
Үйлестірушімен байланыс