Жаңалықтар
«ЖАС ӨРКЕН» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Кеше «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Әлішер Пірметовтің төрағалық етуімен жас мамандарға арналған «Жас Өркен» бағдарламасы байқауының ақтық кезеңі – байқау комиссиясының отырысы өтті.

Жыл басында, естеріңізде болса, байқауға қатысуға 737 үміткер өтініш берген болатын. Міне, енді, олардың 27-сі іріктеу сатыларынан сәтті өтіп, ақтық кезеңге сүрінбей жетті. Бұл – 2016, 2017, 2018 жылдары еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарын бакалавриат немесе магистратура бағдарламалары бойынша бітірген түлектер.

Байқау шарты бойынша бағдарламаға қатысушы жастар 20 ай бойы Қор компанияларында тәжірибе жинаудың бірегей мүмкіндігін иеленеді. Өскелең ұрпақ өкілінің әрқайсына жеке тәлімгер тағайындалатыны атап өтерлік жайт. Нәтижесінде дарынды жастар отандық іргелі кәсіпорындарға біржола жұмысқа орналаса алмақ.

Былтыр алғаш рет «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінің «Жас Өркен» бағдарламасына іріктеліп алынған 20 жас маман бүгінде Қордың 16 қоржындық компаниясында тағылымдамадан өтіп жатыр.

 

Орталықпен байланыс
Үйлестірушімен байланыс