Жаңалықтар
АЛМАТЫДА ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫНА ТАПШЫЛЫҚ ЖОЙЫЛАДЫ

Алматыда «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің қатысуымен «Түркісіб» қосалқы станциясы іске қосылды. Осы арқылы «Самұрық-Энерго» АҚ 10 жыл бұрын басталған «Алматыны энергетикалық қайта жарақтандыру» бағдарламасын толық аяқтады. Жаңа қуат көзінің нысаны Алматы қаласын электрмен орнықты жабдықтауға мүмкіндік бермек.

«Түркісіб» қосалқы станциясы трансформаторлық қуат қауқарын 30 МВА-ға арттырып, Түрксіб ауданының орталық бөлігін, сондай-ақ «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынған «Жас қанат» шағын ауданын, «Алматы агломерациясының 2030 жылға дейінгі өңіраралық сұлбасы» бағдарламасы бойынша қалаға қосылған «Қайрат» шағын ауданының негізгі бөлігін электр қуатымен қамтамасыз ететіні хабарлануда.

Өзінің саны жағынан 33-ші қосалқы станциясы іске қосылғаннан кейін, Алматы қаласының шегінде энергиямен жабдықтау картасы толығымен «жасыл түске» еніп, бұл қала аумағында электр энергиясы толық қолжетімді болатынын білдіртуде.

«Естеріңізде болар, осыдан 10 жыл бұрын жарықты қайта-қайта, апаттық түрде сөндіріп, электрмен орнықты жабдықтай алмайтынбыз, бұл қаланың және бизнестің дамуына кедергі келтіріп, халықтың әлеуметтік жағдайына әсер ететін», — деп атап өтті А.Есімов.

Сонымен қатар, Ахметжан Есімов Алматы қаласына жұмыс сапары барысында қаладағы энергетикалық кешеннің орнықты дамуы үшін үлкен маңызға ие «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ энергия нысандарында болды. Ол жүктемені ПС-220/110/10 кВ №131А «Таулы қырат» қосалқы станциясынан ПС-220/110/10-10 кВ №160А «Ерменсай» қосалқы станциясына ауыстыру жұмыстарымен танысты. Бұл жоба «Таулы қырат» қосалқы станциясы орналасқан аумақта лай көшкіні болған жағдайда, қосалқы станцияның қирау және тұтынушылардың электрден жаппай ағытылу қаупі туындауына байланысты іске асырылуда.

 

Орталықпен байланыс
Үйлестірушімен байланыс