Жаңалықтар
ЕЛ ЖҮРЕГІ – АСТАНА!

Биыл Астананың 20 жылдығы аясында ауқымды мерекелік бағдарлама дайындалғаны хабарланып отыр. Олардың арасында дәстүрлі болып үлгерген және жаңа әншашулар мен өзге де қызықты дүниелерден бөлек, салтанатты сәттің сәні болатын ерекше сыйдың қарастырылғаны айтылуда.

Кейбірін келтіре кетсек:
1) Қазақстан, Ресей, Белоруссия және Арменияның үздік құрамаларының арасында өтетін КВН Жоғарғы лига жеңімпаздарының «Еуразия кубогы» халықаралық сайысы (4 шілде, «Барыс Арена» мұз сарайы);
2) «Hip-Hop Fest», «Rock Fest», «DJ Fest» халықаралық заманауи музыка фестивалі (29 маусым мен 1 шілде аралығында, «Алау» мұз сарайы);
3) «Астана Арқау» халықаралық түркі музыкасы фестивалі (4-6 шілде, Есіл өзені жағалауындағы Амфитеатр);
4) «Spirit of Astana» халықаралық заманауи этникалық музыка шарасы (5-6 шілде, «Бәйтерек» монументі алдында).

Басты салтанат – 5 шілдеде «Қазақ елі» монументінің жанындағы алаңда өтетін Гала-концерт болмақ. Мейрамның нағыз қызар шағы, 25 маусым мен 6 шілде аралығында 61 іс-шара өтпек.

Барлық мерейтойлық концерттер, акциялар, жарыстар мен өзге де іс-шаралар туралы толық мәлімет дәстүр бойынша 21 мамырдан бастап www.astanaday.kz сайтында жариялануда екенін ескертеміз. Билеттерді сату да осы күні бастау алды. 

Атап айтқанда, аталмыш ресурста өткізілу орындары, билеттердің бағалары мен сату орындары туралы ақпарат; аңдатпалық материалдар; БАҚ-қа арналған баспасөз хабарламалары; жолдардың жабылуы мен тұрақ орындары жайлы ақпарат және тағы тың мәліметтер қолжетімді күйде болмақ. 

Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы базасында барлық қажетті ақпаратты мемлекеттік және ресми тілде алуға болады, онда «109» жедел нөмірі бойынша тәулік бойы колл-орталығының қызметі жоспарлануда. 

Елорда күнінің мерейтойын Астана қаласында атап өтуге тек қана Қазақстаннан ғана емес, таяу және алыс шетелден қонақтардың келуі көзделуде.

Билеттерді www.topticket.kz сайтында және төмендегі сату орындарында сатып алуға болады:
1. «Астана» концерт залы (Кенесары көшесі, №32);
2. «Жастар» сарайы (Республика даңғылы, №34);
3. «Керуен» СОСО (Достық көшесі, №9);
4. «Keruen city» СОСО (Қорғалжын тас жолы, №1).

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, елорданың туған күнін мерекелеудің басты ерекшелігі шаралардың басым бөлігін ашық алаңдарда өткізу болып табылады. Соның арқасында салтанатты шараларды ниет білдірген жанның бәрі де көре алады. Мереке аясында жаз бойы елорданың шет аумақтарында және тұрғын алаптарында концерттер ұйымдастыру игі дәстүрге айналғаны белгілі. Биыл «Думанды Сарыарқа» мерекелік шарасы 10 маусымда бастау алып, 1 қыркүйекке дейін жалғаспақ. Осылайша, жазғы демалысын Астанада өткізетін адамдардың іші пыспайтыны анық, деп сендіреді ұйымдастыру алқасының өкілдері.

Отбасылық демалысқа арналған мәдени-спорттық шаралар қала маңындағы 9 тұрғын алабында шымылдығын түрмек. Атап айтқанда, Күйгенжар, Пригородный, Мичурино, Көктал-1, Интернациональный, Үркер, Железнодорожный, Өндіріс, Промышленный, сондай-ақ, Есіл өзенінің жағасында.

Ал, 4-6 шілдеде, «Астана Самалы» » халықаралық үрмелі аспаптар фестиваліне қатысушылар елорда көшелерімен жүріп өтпек.

Орталықпен байланыс
Үйлестірушімен байланыс