Жаңалықтар
РЕЙХСТАГТЫҢ ҚАБЫРҒАСЫНДА ҚОЛТАҢБАСЫН ҚАЛДЫРҒАН

«Сұм соғыс біздің әулетке де оңай тимеді». Небары 17 жасында, яғни бұғанасы қатпаған бозбала шағында ел шетіне басып кірген жаумен айқасқа аттанып, Рейхстагті бағындырып қайтқан қаһарман атасы жайлы сағына естелік айтқан Бауыржан әңгімесін осылай бастады.

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ құқықтық сүйемелдеу департаментінің бас менеджері Бауыржан Оңғаров, өзге қазақ жауынгерлері сияқты екінші дүниежүзілік соғыста асқан ерлік үлгісін көрсеткен атасы Мағзұм Жүнісұлы Оңғаровты айрықша мақтан тұтатынын жасырмады.
«Менің атам 1925 жылы Семей облысының Абай ауданындағы Мұқыр аулында қарапайым отбасында дүние есігін ашқан. 8 жасқа келгенде анасы бақилыққа аттанып, төрт жылдан соң әкесі көз жұмған. 1933 жылы Бесқарағай ауданындағы қазақ орта мектебіне қабылданып, соғыс өрті тұтануға бір айдан аз қалған уақытта, 1941 жылы бітіріп шыққан. Қанша жетімдік тауқыметін тартса да мойымай, бірден жұмысқа кіріскені сол кездегі адамдардың асыл тегін байқатса керек. Сонымен қатар, сотта хатшылық қызмет атқарып, балалық арманы, Алматыдағы заң мектебіне түскен. Өкінішке қарай, көп ұзамай соғыс басталғаны бәрімізге белгілі», — дейді күрсініспен Бауыржан.
Жоғарыда жазғанымыздай, Мағзұм Оңғаров, 1943 жылдың 25 қаңтарында, 17 жасында майдан даласына шақырылады. Беларусь жерінде әскери борышын өтеп, 41-ші Қызыл тулы атқыштар дивизиясының 102-ші полкінде, 4-ші атқыштар ротасының бөлімше командирі ретінде дұшпанға қарсы тұрады. Ержүрек әрекеті мен ерен батырлығы «Қызыл жұлдыз» орденімен және «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» сынды көптеген медальдармен атап өтіледі. Осы орайда тағы бір өнеге боларлық дерек, Ұлы Отан соғысындағы өжет қимылы мен шығыс Берлиндегі неміс әскерлерін қоршап, көзін жоюға қатысқан үлесі үшін КСРО жоғарғы бас қолбасшысы Сталиннің алты алғысхатын иеленеді. 1945 жылдың 9 мамырында, 20 жасқа толған өмірлік сынақ белесінде жеңіс тойын тойлап, Рейхстагтің қабырғасында қолтаңбасын қалдырып кетеді.
«Әжеміздің аузынан естігеніміз, атамыз шексіз қайғы мен күйреген тағдырлар күңіренткен ол күндерді еске алғанды жақтырмаған екен. Соғыстан кейінгі атамның жүріп өткен жолына тоқталсам, 1949 жылы әжемізбен бірге Ашхабадтағы ірі жер сілкінісі зардабын тарқатуға жұмылып, 1950 жылы әкем туады. Кеңес әскері қатарынан тек 1954 жылы лейтенант шенінде босап, туған жері Семей өңірін көркейтуге күш салады», — деп тағзымды сырын түйіндеді «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ құқықтық сүйемелдеу департаментінің бас менеджері Бауыржан Оңғаров.
Ұлы Отан соғысының ардагері Мағзұм Жүнісұлы Оңғаров 1962 жылы, 37 жасында бұл жалғанмен қош айтысып, денесі қойылған төбе бүгінде «Оңғар тауы» аталып кеткен.

Орталықпен байланыс
Үйлестірушімен байланыс