Жаңалықтар
ҚАЗАҚСТАНДА ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУЛЕРДІ ҮЙЛЕСТІРУ ҚАЖЕТ

Елімізде әлеуметтік зерттеу мен конфликтология (жанжалтану) салаларын үйлестіріп, тиісті институтарды біріктіретін стратегиялық орталық құру бүгінде өзекті мәселе болып отыр. Тарих ғылымдарының докторы, әлеуметтану профессоры Леонид Гуревич осындай пікірді ұстанады.

«BISAM Central Asia» компаниясының президенті Леонид Гуревич XIII «Адами ресурстарды басқару: болашақ ұйымы» халықаралық HR-конференциясы аясында Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы ұйымдастырған «Жаңа замандағы Қазақстан: Industrial relations» панельдік сессиясына қатысты. Осы орайда біз аталған сарапшыға бірнеше сауал қойдық.
— Леонид Яковлевич, бәрінен бұрын, жоғарыда көрсетілген жиын жемісті болды деп айта аласыз ба?
— Иә, әрине. Себебі, ұйымдастырушылардың ұқсас шаралар өткізудегі қасаң қағидалардан алшақ болуға тырысып, қызықты әрі пайдалы пікірталас жасауға күш салғаны байқалады. Білікті мамандарды тыңдауға келген залдағы сәйкес қауымның да ыждаһатты түрде ден қойып, әр сөзімізді қалт жібермегені сезілді. Өз басым әлеуметтік зерттеулерді жүргізудегі мақсат-мұраттарға, оның қоғамға қызметін байыптап беруді көздедім. Себебі, тапсырыс беруші компаниялардың көбісінде мұндай зерттеулерді не тым асыра бағалайды, не керісінше өте немқұрайлы қарайды. Егер, кеңестегі баяндамам бұл тұста ортақ «алтын көпірді» табуға көмектесіп жатса, шексіз қуанар едім.
— Жақын көршіміз Ресейдегі әріптестерімізбен аталмыш бағыттағы жұмыстарыңызды салыстырып көрдіңіз бе?
— Расында, олармен экономикамыз да, әлеуметтік жағдайымыз да бірдей десек болады. Қазіргі уақытта әлеуметтік зерттеулерде де тереземіз теңесіп қалды. Сұраныс өсіп, деңгейіміз көтерілді. Өткен жылдардағыдай ресейлік орталықтардың алдында именшіктей бермейміз. Мәселен, біздің әлеуметтік және маркетингтік зерттеулерге арналған «BISAM Central Asia» компаниясы тоқсаныншы жылдары іс-қимылға кіріскенде отандық тапсырыстар көлемі небары 5%-дың төңірегінен аспайтын. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 60 пайызды межеледі. Мүдделі мекемелердің әлеуметтік зерттеулерге баса назар аударып, кәдеге жаратуы жоғарылады. Бизнестің де ұтары мол, ұжымдағы ахуалдың нашарлап кетуіне жол бермейді, беделіне нұқсан келмейді, тағысын тағы.
— Сөзіңізді дәйектей түссеңіз…
— Мысалға, «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобы бойынша қолға алынған Әлеуметтік тұрақтылық индексі әдістемелік тұрғыда бекіп, нәтижесінде кәсіпорындардың әлеуметтік тұрақтылыққа, еңбек дауларының алдын алуға көңіл бөлуі жақсарды. Бұл зерттеулердің қазірдің өзінде сапалығы мен тереңдігі құптарлық, енді саналуан тармақта өрісін ұзартқан ләзім. Осыдан барып, зерттеулерді үйлестіретін, бір арнада тоғыстыратын кешенді орталықтың керектігі аңғарылады. Бұлай дейтінім, түрлі еңбектердің қайталанатын артық көздерін алып тастап, тиімдісін қалдырып, қолданыстағы қорды, яғни деректерді игілікке жаратқан жөн. Қорда да солай, компаниялардағы өзара алаңдататын түйткілдерді бір зерттеу арқылы шешімін табу мүмкін дүние.
— Ойыңызды жалғастырсақ, Әлеуметтік тұрақтылық индексі мемлекеттік дәрежеде дербес зерттеу құралы ретінде ұсыныла ала ма?
— Әсірелегенім емес, Әлеуметтік тұрақтылық индексін 5 жылдағы жұмыс аралығынан соң эталондық зерттеу түрінде басқаларға үлгі етуге болады. ТМД бойынша ең ауқымы кең, 40 мың нақты іріктелген, сарапталған сұралушысы бар. Жаңағы айтқан үйлестіруші органды дайын талдау алаңы Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы шеңберінде жасақтаса әбден жарайды. Әлеуметтік зерттеулер нарығын тәртіпке келтіріп, реттеген ләзім. Алайда, мемлекеттің толық қадағалау рөлінен сақтана отырып, зерттеулердің барынша тәуелсіздігін қамтамасыз ету керек.

Орталықпен байланыс
Үйлестірушімен байланыс